КІРУ



Аккаунтыңыз жоқ па? Тіркелу

Құпия сөзді ұмытып калдыңыз ба?

THE STATE LANGUAGE DEVELOPMENT INSTITUTE

МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛДІ ДАМЫТУ ИНСТИТУТЫ

  ИНСТИТУТ РАЗВИТИЯ ГОСУДАРСТВЕННОГО ЯЗЫКА



Қарапайым ғана диалектика: ұлт және тіл. Әрине, бұл формуланы тайпа-тіл, этнос-тіл, ұлт-тіл, халық-тіл ретінде коэффициенттерін өзгертуге болады. Алайда, бұл классикалық формула қашан да өз арифметикасын сақтамақ. Ұлт – бір тілде сөйлейтін топ. Демек, тіл – ұлттың жобасы емес, ұлт – тілдің жобасы. Тіл мен ұлт конструкцияланады, ал тілдің әртүрлі дәуірлерге байланысты өзгеруімен ұлт та реконструкцияланады. Кез келген ұлт – бұл тілдік құрылым. Қазіргі жаһандану қоғамында ұлттану немесе националдану, ұлттық мақтаныш пен ұлттық құндылықтарды қастерлеу, әсіресе ХІХ-ХХ ғасырлардағы құбылыс – национализммен байланыстырып өткен ғасырларға ғана тән деп қарастырса, ал бүгінгі заманға индивидуалдану тән десе, – бұл қателескендік! Неге онда аристократиялық мемлекет Франция өзінің қатал тілдік заңы арқылы өз тілін қорғап отыр, сол сияқты Швеция, Чехия да қатал қарап отыр. Францияда «exception française» (француздық ескертпе!) түсінігі қоғамдық идеология мен статусқа ие. Бұл режимге сай Францияда француз әдеби тілі француз халқының ұлттық құндылығы деп ескертілген. Француз Республикасының Президенті болған Н. Саркази: «Франция – бұл әдеби ұлт. Біз балаларымызға ұлттық тілімізді, әдебиетімізді, поэзиямызды сүюді үйрету арқылы ғана ұлттық қасиетімізді сақтаймыз. Себебі сол ғана интеллектіні, сұлулықты, ішкі сезімді жеткізе алады», – деп жариялады. Ал милитаристік саясатын бірден монотілдік идеологияға айналдыра білген Жапония жарты ғасырдан астам уақыт бойы АҚШ-тың барлық рухани интервенциясына қарсы күш таныта алды. Әлем классикасының (Көне Грек, Көне Рим әдебиетін де) барлығын жапон тіліне аудару үрдісін жүргізген жапондықтар соңғы он жыл бойы кітап аудару мен кітап шығарудан дамыған елдердің алдыңғы қатарында болды. Малайзия да жиырма жылдың ішінде өз тілін көтеріп алды. Қазіргі Украинада болып жатқан дүмпулер де Ресейдің рухани интервенциясынан (этнофилетизмінен) украин экономикасын ғана емес, украин тілін де сақтап қалу үшін жасаған реакция еді. Себебі тәуелсіздік алса да бір ғасыр бойы ғана емес, үш ғасыр бойы орыс тілінің көлеңкесінде жүрген украин тілі өз тәуелсіздігін осылайша Ресейден бөлініп. ЕО-қа бейім беру арқылы қорғанбақ. Сонымен, егер тіл жай ғана қатынас құралы деп қабылдайтын болсақ, неге барлық Еуропа мемлекеттері жаһанданудың әсерінен заң мен финанс жағынан өз тілдерін барынша қорғауға тырысуда? Еуропа – мәдени гомогенді регион. Алайда оларды бөліп тұрған бір ғана баррикада бар, ол – тілдік өзгешелік. ЕО бұл экономикалық қана емес, өзара мәдени резиденция да еді, алайда олардың тілдік өзгешелігі – бұл одақтың біртұтас бірігіп кетпеуіне бөгет болып тұр!

Тарихта тілді сақтап қалуға деген ниеттер әртүрлі болған. Алайда екі негізгі жағдайда ғана тілдер өз функционалдылығын жоғалтпаған: бірі – өктем етуші күшке ие этностың тілі, екіншісі – қандай да бір діни танымның немесе діни сенімнің «қасиетті тілі». Діни наным-сенімнің тілдерінің ішінде бүгінгі күнге жеткен және сол «қасиетті тілдердің» ішінде ұлттық сипаттағы бір ғана тіл, бұл – араб тілі. Ал Араб мемлекеттері «бүкіл арабтардың рухани кілті және толеранттылыққа қарсы қаруы – араб тілі» деп жариялады және ислам кеңістігі өз күшін жоймайынша араб тілі ең мықты рухани тірегі мен консалидация құралы болмақ. Үндістан тарапынан партикуляция күшін сезінген мұсылман Пәкістанда урду тілін култьке айналдыра білді, урду тілін бүкіл ұлттың аппаратына айналдырды.

Ал екі ғасыр бойы неміс тіліне, одан кейін немістік фашизмге қарсы күрескен Италия, Чехия, Словения да ұлттық тілі үшін күресті. Ұлы Ояну (Ренессанс) дәуірінің алғашқы толқынында (Х-ХІІ ғ.ғ.) Еуропада алғаш болып, ұлттық тілін оятқан бұл – итальян халқы еді. Итальян тілінде алғаш еңбектерін жазған Данте: ұлттық тіл латын тіліне қарағанда әлдеқайда мәртебелі, себебі ұлттық тіл бұл табиғи, ал латын тілі «жасанды», – деумен өз шығармаларын жазды. Латындану аждаһадай от шашып тұрған дәуірде өз ұлттық тілі үшін күресті. Сол дәуірдегі Дантенің «Құдіретті комедиясы» мен Петрарканың сонеттары, Боккачидің «Декамерон» шығармалары ұлттық тілді қорғаудың керемет үлгісі еді. Саяхатшылар Х. Колумб пен А. Веспучидің де еңбектері өз ана тілдерінде жазылған, алайда ол дәуірде ең танымал француз тілінде жазылса, әлдеқайда өтімді болар еді шығармалары. Сол сияқты қиын дәуірде философ Дж. Бруна мен ғалым Галилей да латын тілінен өз ана тілдеріне көшкен. Бүкіл ренессанс дәуірі ұлттық тілді анықтау арқылы бөлінген ұлттың қалыптасу кезеңі болатын. ХVIғ. ортасында да француз тілінің жергілікті корольдікке жақын патуа диалектісі арқылы негізі қаланды және бұл ұлттық тіл тікелей латын тіліне қарсы мотив танытудан пайда болды. Демек, орта ғасырларда латын тіліне қарсы реакция танытқан ұлттық тілдер коалициясы латын тілін біржолата тарихтан ысырып шығарды. Қазіргі таңда жаһандану дәуірінде ұлттық тіл ғана барлық окуппацияға қарсы тұра алмақ және жоғарыда келтірген мәліметіміз соған айқын мысал.

Тіл – ұлт, бұл бір синтез. Қарапайым ғана мысал, қазірде әлемге империя құрып тұрған ағылшын тілі де өзінің ұлттық мәні болғандықтан да толықтай әлемдік құбылысқа ие бола алмай отыр. Тек жасанды тілдер ғана әлемді билеуге жарайды, алайда ұлттық тілдер емес. Өткен замандарда империя құрған тілдердің барлығы да жасанды тілге айналып кеткен болатын: латын, шіркеу славян тілі. Ал қазіргі кездегі ағылшын тілінің жасанды формалары ғана эсперанто, «бизнес тілі» тәрізді делдал түрлері ғана әлемдік сипат алуы мүмкін. Ағылшындық әртүрлі варианттар британдық ағылшын тілінен алшақ, қытайдың не индонезияның диалектілері тәрізді, сондықтан да британдықтар өзге ағылшындық вариацияны ағылшын тілі ретінде мойындамайды.

Ал қазақ тілінің дамуы, қорғануы жолында не істеліп жатыр? Мәселе күрделі. Тілді мәдениет пен экономика арқылы ұстап тұруға болады. Бүгінде біз қазақ тілінің дамуы жолында әлем классикаларын қазақ тіліне аудару арқылы ғана өзінше дамытып жатырмыз, алайда оның өзі де орыс тілінің делдалдығы арқылы атқарылып жатыр. Ал ұлттық идеологияға келгенде қазақ тілінің функционалдылығы айқындалмаған. Ұлттық мемлекет құра алмай отырмыз. Аппарат – ұлттық тіл. Қазақ тілі мемлекеттің генераторы бола алмай отыр. Екі тіл қатар қолданылуда. Бір тіл ғана доминанттылыққа ие болу қажет ол үшін. Ал билік БҰҰ-ның үздік алты тілінің бірі - орыс тілінен айырмауымыз керек, ол біздің дамуымыздың кепілі дейді. Мәселен, Ирландия тәуелсіздігін алса да, ағылшын тілінен бас тартқан жоқ. Сингапур мен Малайзияның да тағдыры солай деген аргументация келтіреді. Бірақ бұл мемлекеттерде біздікі сияқты емес, ұлттық идеология мотиві бар. Ирландия өзінің сан ғасырлық мифологиясы арқылы өз ұлттық векторын қалыптастырып алған. Малайзияның мемлекеттік тілі ағылшын тілі, бірақ малай тіліне қарағанда ағылшын тілі екінші дәрежеде қолданылады және өз кезегінде бұл мемлекетте арнайы ұлтты ұйыстыру идеологиясы бар.

Қарапайым ғана Ресейдің құрамында болып отырған автономиялық республика Татарстан да өзінің татар тілін ұлттың инициативасына (қозғаушы күшіне) айналдырып отыр. Түркі халықтарының ішінде ақпараттық технология сауаттылығы бойынша үздік орынға таласып жүрген татар халқымен Ресей де, өзге түркітектестер де санасуға мәжбүр. Ал Орта Азияға ғана емес, ЕО санасуға бар Қазақстан неге өз тілін статусқа ие ете алмай отыр? Қазақстан – әлем мойындаған мемлекет. ЕуроОдақ бұл жас мемлекетті қолдап отыр, біздің мемлекетте әлемдік пиар бар. Әлемдік мәртебе де қалпына түсіп келе жатыр. Бірақ әлем аренасында саяси ойыны тұрақты болғанымен, ішкі ойыны әлдеқайда күрделі және гроссмейтрлік жетістікке ие емес. Ұлттық идеология мен әлемдік пиарға сұранып тұрған қазақ тілімізді өзіміз құртып отырмыз. Идеология – бұл басыбайлылыққа салу емес, бұл – бағыт түзеушілік.


ПІКІР АЛМАСУ

Пікір қалдырыңыз