КІРУ



Аккаунтыңыз жоқ па? Тіркелу

Құпия сөзді ұмытып калдыңыз ба?

THE STATE LANGUAGE DEVELOPMENT INSTITUTE

МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛДІ ДАМЫТУ ИНСТИТУТЫ

  ИНСТИТУТ РАЗВИТИЯ ГОСУДАРСТВЕННОГО ЯЗЫКА



БАТЫРЛАР ЖЫРЫ КЕЙІПКЕРЛЕРІН БІРІЗДЕНДІРУ

ТОЛЫҒЫРАҚ

Тіл тек қана ұлтты, халықты ғана қалыптастырып, бір ұлттан бір ұлтты айырушы белгі болып қана қоймайды, сонымен қатар өзі қалыптастырып отырған халықтың қорғаныс қуатына, қалқанына да айналмақ. Қарапайым ғана мысал, бір халықтың тілін екінші бір халық оңайлықпен түсіне қоймасы анық, тіпті, бір тілдің диалектілерінің өзі бірін-бірі түсінбейтін деңгейге жеткен. Демек, өзге тілді түсінбеудің өзі ол халықтың қорғануына мүмкіндік бермек.
Лингвистикада тілдердің пайда болуы туралы әртүрлі теориялар мен тұжырымдар бар. Библияда айтылатын атақты Вавилон оқиғасында да адамдардың бір-бірімен түсінбей кету құбылысы көрсетілген. Қысқасы, тілді біз өзге топтың өкілдері түсінбеуі үшін барынша өзгертуге тырысатынымыз хақ. Мәселен, небәрі 4,2 млн. адам тұратын Жаңа Зеландияда 850 тіл бар. Бұл мемлекетте ірі 11 тілде халықтың 99 % сөйлесе, қалған 1 %-ы ғана тайпалар тілі болып қалады. Сонда әрбір тайпа өзінің жанындағы өзге тайпаның өкілдері түсінбеуі үшін барынша өзгертуге тырысқан, осылайша жаңа тілдер пайда бола берген. Сол сияқты, аядай Еуропаның әрбір қыстағына бір тіл тән. Неміс тілінің 360 диалектісі, италия тілінің 40-тан астам диалектісі бар. Ал бүкіл Еуропа тілдерінің барлығы латын тілінің диалектілері негізінде қалыптасқанын біреуі білсе, біреуі білмейді.
Солтүстік Корея мен Оңтүстік Кореяның тілі кәріс тілі болса да, 2002 жылы 50 мың сөзден тұратын солтүстік кәріс тілі мен оңтүстік кәріс тілінің сөздігі құрастырылып шығарылған. Бұл дегеніміз – ортақ тілді екіге, одан да көп түрге бөле беруге болады деген сөз. Дәл осылай тілдердің пайда болу үрдісі жүре бермек. Әр тіл бір ұлт екені түсінікті. Мәселен, біз итальялықтар деп танып жүрген бұл халық, шын мәнінде, біртұтас ұлт болып қалыптаспаған. Себебі бұл елде әртүрлі диалектілердің орын алуы италия халқын біртұтас ұлт ретінде түзуге мүмкіндік бермеді: Сицилия, Корсика, Сардиния, Капри, Пиза, Рим болып бөлініп кеткен. Мәселен, Американың атақты қылмыстық топтарын құрған Сицилиялық италиялықтар өздерін италиялықпын деп емес, сицилиялықпын деп атайды.
Әлеуметтік топтар арасында да әртүрлі тілдік формалардың бар екенін білеміз, криминал топтар қолданатын арго сөздер, жастардың қолданысындағы жаргон және слэнг сөздер де белгілі бір криптографиялық сипатқа ие. Демек, тіл – бұл үлкен бір қорғаныс қабатын түзуші құбылыс. Өз ана тілі арқылы халық барлық өзі білетін барлық ақпаратты жасыра алады, сақтайды. Дәл осы жасырылған ақпарат қана халықты халық ретінде қалыптастырады. Тіл бұл жай ғана құбылыс емес, қазіргі лингвистердің барлығы тілдің аса үлкен мәдени-жадтық құбылыс екендігін, әлемнің белгілі бір жүйедегі көрінісі мен ақпараты екендігін толық мойындап отыр. Тіл – әлем туралы ақпарат, тіл болмаса, біз әлемді тани алмаймыз, ал әр тіл әлемді әртүрлі, өз деңгейі мен дәрежесінде таниды, демек, әр тіл – әлемді әртүрлі танудың үлгісі. Ұлттық қорғаныс қасиеті де дәл осы тұста басталады. Ана тілінде әлемді таныған халық өзі жинаған әлем туралы білім арқылы өзін сақтай алады, қорғаныс қабатын құра алады.
Ал қазіргі таңда жаһандану процесі тұсында ағылшын тілінің әмбебап тілге айналуы ағылшын халқының ұлт ретіндегі қалыптасуы мен орын алуына нұқсан келтірді. Яғни, ағылшындардың ұлттық қорғанысына қауіп төндірді. Ағылшын тілі жалпыадамзаттың мүлкіне айналды, оның ұлттық, халықтық сипатын бұзды. Ағылшындардың, яғни, ежелгі саксондардың әлемді танудағы концепциясы, өзінше әлем тану түйсігі талқыға түсті. Сондықтан да бұл халық қазіргі таңда ағылшын тілін ана тілі ретінде танудан қалды, мұны өздері де толық мойындайды. Британ елінің жастары басқа тілдерді үйренбейтін болды, себебі болашағын толықтай қалыптастыру үшін өздері мектепте оқып жүрген ағылшын тілін білсе-ақ жеткілікті. Ал өзге тілдерді оқымауы ағылшын халқын мүлдем санасыз күйге түсірді. Себебі Гете айтқандай «өз тіліңді толықтай түсінуің мен ұғынуың үшін де өзге тілді үйренесің» деген еді. Ал өз ана тілін толық игере алмағаннан кейін де бұл халық көптеген нәрселерден құр қалып отыр. Өздерін ұлы халыққа балап жүрген Ұлыбритания елі «ұлы қасіретті» бастан кешіруге мәжбүр. Ал бұл жағынан қазақ тілінің бағы бар екендігін мойындайық.
Демек, ертеңгі күні батыс бастап отырған ғаламдастыру идеологиясы біраз тілдердің «ғаламдануына», ал бұл өз еркінде ұлттың азуына бірден-бір себепкер болары сөзсіз. Сондықтан да жоғарыдағы мысалдарды еске ала отыра, Қазақстанның да, қазақ тілінің де жағдайын ойластырған дұрыс. Қазақ тілін «нағыз қазақ тілі» және «шала қазақ тілі» деп бөліп жарудың еш қажеттілігі жоқ. Ал бұлай бөлінген тіл де, ұлт та үлкен бір тарихи бастаманы бастап беруі мүмкін: ұлттың бүтіндей екіге жарылуы тәрізді. Одан кейін, Олжас Сүлейменовтың соңғы сұхбатында берген пайымдауы бойынша қазақ халқының арасында біртұтастық сипат жоқ дегені еш қисынға сыймайды http://365info.kz/2015/03/ot-nezavisimosti-k-vzaimozavisimosti-olzhas-sulejmenov-otvetil-na-obvineniya-v-svoj-adres/. Біз осы күнге дейін қазақ тілінің диалектісі бар, алайда бұл диалектілер әлем танып жүрген «диалекті» ұғымына сай келмейді деп жүрдік, бұл тек қана ауызекі тілдік формалар деп қана түсіндік. Кез келген қазақ өзінен 3000 км алыста жатқан қазақпен емін-еркін түсініседі. Оның жанында Өзбекстанның 5 аймағы өзара тілдік түсінбестікке ие (Өзбекстанда да ірі 5 диалекті бар), себебі бұл құрама мемлекет. Бірақ Қазақ елінің жағдайы бұлармен мүлдем салыстыруға келмейді. Қалай десек те, Олжас Сүлейменовтің айтқан сөзін толықтай жоққа шығарамыз. Бұған барлық қазақ баспасөздерінің қарсы шығуы дәлел. Міне, дәл осындай қоғамда лаулап, даулап жүрген әртүрлі қисынсыз мәліметтердің барлығы жалған ақпараттық соғысты жасап беріп отыр. Ал мұның тікелей ұлтты ыдыратуға, мемлекеттік тілді мешеу ретінде көрсетуге ықпал етіп жатқаны өкінішті. Ұлттың қорғаныс қасиетін құлдырататыны белгілі. Сондықтан да басты мақсат – дәл осы ақпараттарға қарсы дәйекті ақиқат айта алу.
Қазақ тілі тек қана қазақтардың ғана емес қазақстандықтардың да игілігі болуға тиіс. Қазақстандықтардың қазақ тілін түсінуі біртұтас қорғаныс аймағын құратыны айқын ғой.

ПІКІР АЛМАСУ

Пікір қалдырыңыз