THE STATE LANGUAGE DEVELOPMENT INSTITUTE
МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛДІ ДАМЫТУ ИНСТИТУТЫ
ИНСТИТУТ РАЗВИТИЯ ГОСУДАРСТВЕННОГО ЯЗЫКА
Соңғы мақалалар:
Мен Өзбекстанның Алишер Навоий облысы Тамдыбұлақ ауданында туып өскен жанмын. 1995-1999 жылдар аралығында Ташкент қаласындағы Жоғары әскери шекарашылар мектебін аяқтап Ауғанстанмен шекаралас Термез қаласындағы № 9226 әскери бөлімге жолдама алдым дейді тарих ғылымдарының кандидаты Жұмамұрат Шәмші. Бұл туралы abai.kz-ке сілтеме жасаған mtdi.kz сайты ғалымның мақаласын жариялайды.
Содан 2001 жылы Қарақалпақстанның Түркменстанмен шекарасына ауыстым. 2003-2005 жылдары Қазақстанмен арадағы шекарада қызмет істедім. 2005 жылы Астана қаласына қоныс аудардым. Өзбекстанның тау мен тасын, өзен-көлдерін, созылып жатқан қызыл құмына дейін өте жақсы білемін. Ал енді, осы елдегі қазақтардың тыныс-тіршілігіне көз жіберіп, сөз қозғасақ, жаның ауырып, жүрегің сыздайды.
Қазақ жастары оқуға түсе алмай зыр қағып жүр. Өйткені, 1992-2012 жылдар аралығында Өзбекстанда 625-тей қазақ мектебі, 200-дей қазақ, өзбек, орыс мектептері бар еді. Соңғы жылдары қазақ мектептерінің жабылуына байланысты әр жылы 20-30 мыңнан астам бала лажсыз өзбек мектептеріне баруға мәжбүр болды. Қазақтың айтулы азаматтарының аты берілген мектептер дені тек арнайы нөмірлермен белгіленіп, сол бойынша аталатын болыпты. Кезінде Самарқандтың әміршісі болған, қаланы көркейтуге үлес қосқан менің ұлы бабам—Жалаңтөс Баһадүр салғызған Регистандағы Тиллакари, Шердар медреседегі «Мұны тұрғызған Алшын төртқара Жалаңтөс Баһадүр» деген таңбалы тасты алдыртып тастады. «Төле би мавзалейі» деген жазу «Қарлығаш би мавзолейі» болып өзгертілді. 2010 жылы Алишер Наваий облысындағы Нұрата ауданындағы Әйтеке би кесенесін Қазақстан жағы қомақты қаржы бөліп жөндеп берді. Қарақалпастандағы қазақтың біртуар батыры Сырым Датұлының кесенесі жөндеу көрмегелі қай заман. Ташкент қаласындағы генерал Сабыр Рахимовтың атындағы метро бекеті мен ауданын батырдың аты алынып тасталды.
КСРО кезінде мақта мен күрішті мол беретін аймақ ретінде саналатын Қарақалпақстанда 500 мың қазақ тұрушы еді, соның 100 мыңдайы көшіп үлгерді. Қалғандары көш қамына кірісіп жатыр. Бұл аймақ Арал теңізі құрғаған соң, экологиялық апат аймағына айналғанынан бәріңіз де құлағдар боларсыздар. Дегенмен де осындай келеңсіздіктерге қарамастан, Өзбекстан қазақтары Қарақалпақстанда, Ташкент қаласы мен облысында, Жизақ, Сырдария, Бұхара, Наваий облыстарында тығыз шоғырланған. 500 мыңға тарта қазақ балалары Қазақстанының тарихын оқытпайтын осы өңірлерде білім алуда. Осы өңірлерде тұратын қазақтар қазақ басылымдарына зәру. Қазақстаннан шығатын газет-журнал алуға мүмкіндік жоқ.
Яғни, Қазақстанда не болып жатқанынан хабарсыз. Өзім осы мәселені бірнеше рет көтердім. Талай рет министрліктер мен департаменттердің есігін тоздырдым. Тіпті, сол кездегі премьер-министр Даниал Ахметовтің өзі қабылдап, үйіп-төгіп уәдені беріп шығарып салды. Өзбекстанның қазақ мектептеріне Қазақстандық бағдарламалар бойынша оқу құралдарын апарамыз деген уәдесі де орындалмады. Бұл жерде өзбек ағайындарды кінәлай алмаймыз. Себебі, ала шапанды ағайындар шамалары келгенінше өз баспаларынан қазақ тілінде шығатын оқулықтармен қамтамасыз етіп отыр. Соған да шүкіршілік. Бірақ, Қазақстан телеарналары көрсетілмейді. Әйтеуір, «Нұрлы жол» атты қазақ тіліндегі жалғыз газет қана «Шықпа, жаным, шықпаның» күйін кешуде.
Бүгінгі таңда, Өзбекстан қазақтарының жоғарғы оқу орындарында білім алу мүмкіндіктері мүлдем жоқ десе де болады. Өйткені, оқу бағдарламаларының барлығы да толығымен латын әрпіне көшіп кеткен. Осының салдарынан көптеген қазақ мектептері жабылып қалған. Қазақ балалары кириллица қарпінде қалып қоюларының салдарынан, өзбек орыс тілді мектептерге беруге мәжбүр. Жасыратыны несі бар, таза қазақ бір жарым миллион деп жүрміз. Қазіргі таңда, өзбек болып кеткен қазақтар саны одан әлдеқайда көп. Төлқұжаттарына «өзбек» болып жазылып кеткендіктен оларға «өйт, бүйт» деуге қақымыз жоқ.
Мен туып-өскен Тамдыбұлақ ауданында өзбектермен қыз берісіп, қыз алысу қ өңіміз түгел, түсімізге кірмеген. Өзім Тәшкентте оқып жүрген кезде өзбек ғалымдарының жанайқайын естіп қалдым. Олар «Сапасыз ұрпақты топырлатып туғыза бергенше, ұлттық сапаның деңгейін көтеруіміз қажет. Ол үшін өзбек еместермен араласуымыз керек, қан жаңарады, ұлт сапаланады» деген тұжырымға келіпті. Мемлекеттік деңгейде көтеріп соңғы уақытта Өзбекстанда аралас некелер көбейгенін статистика анықтап отыр. Өкінішке қарай, басқаны былай қойғанда бір орыс, бір өзбегі жоқ біздің ауылдың бір қызы өзбекке тұрмысқа шығыпты. Анадан туғаннан араласып өскен «жегенінен жиренбеген, ішкенінен сескенбеген» ұрпақ ары-беріден соң «өзбекке тигенде не тұр?» деп қарсы жауап қайыратындар пайда болыпты. Бойда тікен кіргендей тітіркенер түйсік қалмаған. Иненің жасуындай иммунитет жоқ. Қызы өзбекке тиіп жатыр ма, тәжік алып жатыр ма, бәрібір. Жүректе сұрауы болмаған соң ол құрғырдың да байлауы болмайды екен. Ындынның ыңғайына, күштінің ығына бұрылып, танылмастай өзгере салды. Олардың алды жетпіс жыл орысқа табынған еді, енді келіп өзбектің ыстық құшағына кіруде.
Осылай бара беретін болса, арадан он-жиырма жылда Өзбекстандағы қазағым суға салған мұздай еріп өзінен-өзі жоқ болады. Өзбекпен құда болғандарына мақтанатындары пайда болыпты. Өзбектің санын көбейткенімен қоймай, өз ұлтының ер-азаматтарын тірілей қор қылды. Мұрнын шүйіріп менсінбей қарады. Құдай басқа салмасын. Қорғансыз қарындастарым-ай! Қорғандарың иман болғай! Біздің қолдан келер қайран, айтар ақыл – осы ғана.