THE STATE LANGUAGE DEVELOPMENT INSTITUTE
МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛДІ ДАМЫТУ ИНСТИТУТЫ
ИНСТИТУТ РАЗВИТИЯ ГОСУДАРСТВЕННОГО ЯЗЫКА
Соңғы мақалалар:
Орыс тобындағы студенттердің ертеңі не болмақ?
Авторы: Тұрдыбек ҚҰРМЕТХАН
04/07/2017 12:27 0 47626 0
Қазақ тілін білмейтіндер үшін не істеуіміз керек?
Азат ел болғалы ширек ғасыры өтіп, екінші ширегін де бастадық. Қазір Қазақ Елінде қазақ тілінің тағдырына алаңдаудан гөрі қазақ тілін білмейтіндердің ертеңіне алаңдайтын кез келді. Қазақ тілін қолданушылар күн санап артып келеді. Оған бірден бір себеп қазақ халықының табиғи өсімі. 2003 жылдан бастап елімізде табиғи өсім көрсеткіші үдемелі өсуде. Қазақстан халықының саны 18 миллионға жетсе, оның ішінде жасөспірімдер 30 пайызға жуығын, жастар мен ересектер 60 пайызын, егде кісілер 10 пайызын құрайды.
Тәуелсіздік алған жылдары қазақтың саны 50 пайызға жетпесе, қазір 70 пайыздан асты. 2016/2017 оқу жылында 1-сыныпқа 380 мың бала кірсе, мектеп бітірушілер 136 мың болып, оның 90 мыңы қазақ мектептерін бітірген. Кешенді емтихан тапсырып оқуға түскендерді қосқанда жоғарғы оқу орындарының студенттерінің 80 пайызы қазақ топтарында білім алады. 1- сыныпқа кірген 380 мың баланың да басым бөлігі де қазақ мекетебіне кіріп отыр. Бір мектепте жиырмаға жуық қазақ сыныбының ашылғанына да куә болғансыздар. Міне бұның бәрі қазақ тілінің болашағы, қазақ тілінің мәңгі өлместігінің айғағы. Десе де, әлі осы беталысты түсінбей, қазақ тілін үйренуге құлықсыздық танытып жүргендер де бар.
Әр жыл сайын мектеп бітірушілердің 30 пайыздан астамы орыс және өзге тілді мектептердің түлегі. Олардың барлығы Қазақстанда жоғарғы оқу орынына түсе бермейтіндіктен, арасында болашағын Қазақ Елімен байланыстырғысы келмейтіндері бар. Қазір жоғарғы оқу орындарында 20 пайызы ғана орыс топтарында оқып жатыр. Бұл 20 пайыз студенттердің арасында қазақ, орыс және басқа ұлт өкілдері бар. Бір қарасаңыз, 20 пайыз дегеніңіз аз көрсеткіш болып көрінгенімен, бұл дегеніңіз болашақ мамандарымыздың 20 пайызы жұмысқа жарамсыз болу мүмкіндігін тудырады деген сөз. Бірнеше жылдан бері білім беру саласындағы үш тілділік реформасы жоғарғы оқу орындарында жүре бастады. Бірақ, қазірге дейін жүріп жатқаны қазақ топтарына тиімді болғанымен, орыс топтарына еш тиімсіз. Университеттерде ағылшын топтары тек қазақ тобынан ашылып, студенттеріміздің арасынан үш тілді толық меңгеріп шығып жатқан мамандар жоқ емес. Бірақ, орыс топтарына ағылшын және қазақ тілінде сабақтар берілмегендіктен, бітірушілер тек бір тілді – орыс тілін ғана біліп шығып жатыр.
Негізінде еліміздегі үш тілділік деген ұғым Қазақстандағы тұрып жатқан әр азаматтың бірінші мемлекеттік тілді білу міндеттілігі мен өз ана тілін білу және шетел тілін білу құқықы еді. Елбасының биылғы жылғы «Болашаққа бағдар – рухани жаңару» атты мақаласында да үш тілділік білім беру жүйесінде де басымдылық мемлкеттік тіл – қазақ тіліне берілетіндігі баса жазылған. Қазіргі кезде елімізде тілдік қысым болмағанымен, Қазақ Елінде қазақ тілі бірте-бірте басымдыққа ие болары сөзсіз. Қазіргі президентіміз қазақ тілін білмейтіндерден мемлекеттік тілді білуді талап етпей, кеңшілік жасап отырғанымен, келесі ауысымдағы билік осалдық таныта қоймас. Сол кезде қазіргі тек бір тілді ғана біліп шығып жатқан орыс тобында білім алушылардың жұмыссыз қалулары бек мүмкін. Сол кезде олардың обалы кімде болмақ? Қазіргі білім беру жүйесіне ме? Өзінің тіліміз бен елімізді сыйлай алмағанымен қоймай, ұрпағынның болашағын осы мемлекетпен байланыстра алмаған ата-анада ма? Әр азаматына тілін білуді талап етуді ерте бастан жолға қоя алмаған мемлекеттен бе? Менің оймша, жауапкершіліктің басымы үкіметке түсетін сияқты.
Қазақ тілінің мемлекеттік мәртебесі мен қолданушылары көбейгенімен, басшылық орындар мен өндіріс басшылары ғана емес, қазақ ғылымында бір ауыз қазақ тілін білмейтін ғылым докторлары да көп. Ол аз болғандай тағы да бір ауыз қазақ тілін білмейтін магистрлер мен PhD докторларды дайындап жатырмыз. Сонда бұның бәрі болашақ жұмыссыз мамандардың үстінде жұмыссыздарды қосу болып табылады. Сондықтан, балабақшадан бастап, докторанттарымызға дейін қазақ тілін білуін талап етуіміз керек. Балабақшаға келген әр балаға мемлекеттік тілі үйрете бастаумен бірге, білім берудің әр дәрежелі орнында мемекеттік тілді талап еткен жөн. Балабақша мен мектепте әр баланы ұлтына қарамай мемлекеттік тілді білуге мүмкіндік жасап, жоғарғы оқу орнына түсетін әр азаматтан мемлекеттік тілді білуді талап ету керек.
Қорыта айтқанда, ертең қазақ тілін білмейтін мамандар жұмыссыз қалмау үшін:
біріншіден, мектеп бітірушілер жоғарғы оқу орнына түсу үшін тапсыратын ҰБТ-да қандай мектепті бітірсе де қазақ тілінен емтихан тапсыруы керек. Яғни, ҰБТ-ның жаңа ережелері бойынша «Оқу сауаттылығы» деген емтихан тек қазақ тілінен ғана болуы қажет. Орыс мектебін бітірушілер онсыз да мектепте тіл және әдебиеттен тапсырады. Мелекеттік грантты белгілеу үшін мемлекеттік тілдің көрсеткіші саналуы керек.
Екіншіден, жоғарғы оқу орына түскеннен кейін орыс топтарына қазақ тілінде пәндерді енгізу. Жылдан жылға қазақ тіліндегі пәндерді көбейтіп, университет бітіріп шыққанда мемлекеттік тілде еркін жұмыс жасай алатындай дәрежеге жетуге жағдай жасау.
Үшіншіден, жоғарғы оқу орындарынан кейінгі магистратура мен докторантурада бөлімінде білім алуға үміткерлердің емтиханына да қазақ тілін қосу. Магистранттар мен докторанттардың шетелдік басылымдарда ғылыми мақала жазуын талап етуімен бірге қазақ тілінде де ғылыми мақалалар жазуын талап ету.
Қазақ халқының табиғи өсімі мен ұлттың рухының өсуіне байланысты қазақ тілі қолданушысының саны да артып, мәртебесі де көтеріліп келеді. Бұл дегеніңіз тіліміздің мемлекеттік дәрежесіне күмәндануға негіз жоқ деген сөз. Енді алаңдаушылығымыз тілімізді білмей-ақ осы елдің нанын жей береміз деп ойлайтын аз санды қауымда. Ендігі мәлселе осы қауымды ертең жұмыссыз қалдырмаудың қамын жасау. Ол үшін маңдайларынан сыйпай бермей, талап етудің жоғардағыдай нақты қадамдарына көшкен жөн.
Abai.kz